Бүгін медициналық мекемелерде ашық есік күні өтіп жатыр
4 ақпан - дүниежүзілік онкологияға қарсы күрес күн. Осыған орай бүгін республика бойынша барлық медициналық ұйымдарда ашық есік күндері өтіп жатыр.
Шығыс өңірінде де облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы мен облыстағы барлық емханалар бүгін пациенттерді қабылдады. Бұл күні келушілерді онколог мамандар тексеріп, кеңестерін берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күн сенбі болғанына қарамастан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы сағат тоғыздан бастап алғашқы пациенттерін қабылдай бастады. Тоқсары түсті шарлармен безендірілген фойеде келушілерді қарсы алған медицина қызметкерлері оларға қалай қызмет көрсетілетінін түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп тұрды.
Шолпан Нұрғалиеваның айтуынша, облыста онкология дерті бойынша 14 мыңнан астам науқас есепте тұр, биыл 2500 жаңа жағдай тіркелген. Дерттің ерте кезде анықталуы бүгінгідей ашық есік күні мен скринингтік тексерулердің нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Өскемендік Ернар Қабыланов жетпіс жастағы анасын тексеруге әкеліпті.
Өскеменнің тағы бір тұрғыны Динара Лазимканова скринингтік тексерулерден өтуге жұмыстан шыға алмайтынын, бүгін осы мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін сағат тоғыздан келгенін айтты.
Хирург-онколог Архат Қамзанов науқастарды тек қабылдап қана қоймай, олар көрсетілімдері бойынш УЗД, КТ зерттеулерінен өткенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында ашық есік күні ай сайын ұйымдастырылады. Өткен жылы орталық он төрт рет ашық есік күнін өткізіпті.