15:00

Жастардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету қажет – ШҚО әкімі

Өскемендегі «Зерек» жас техниктер стансасы креативті индустрия орталығына айналуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев аталған білім мекемесіне барған кезде белгілі болды.
Бүгінде 60 жылдық тарихы бар қосымша білім беру мекемесінде 800-ден астам оқушы ғылым мен техниканың қыр-сырын меңгеруде. Арасында мектеп жасына дейінгі балақайлар да бар, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жас техниктер стансасының жұмысымен танысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев мұнда балалар түрлі бұйымдар мен техниканы құрастырып қана қоймай, аэродинамика сияқты ғылым түрлерінің негіздерін үйреніп жатқаны құптарлық жайт екенін атап өтті. Аймақ басшысының пікірінше, өскелең ұрпақтың шығармашылық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету қажет.

– Бұл бағытта белгілі бір жетістіктерге жеткіміз келсе, шығармашылық коворкинг орталықтары мен IT-хабтар құруға міндеттіміз. Жалпы, болашақта жас техниктер стансасының негізінде балалардың шығармашылық индустриясы орталығын құруға болады. Оны облыстық бірыңғай орталыққа айналдыруға тиіспіз. Яғни, сіздер кейін облысымыздың аудандары мен өзге қалаларында ашылатын клубтардың кураторы боласыздар. Облыстық білім және цифрландыру басқармаларына бұл идеяны іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Ермек Көшербаев.

Осы ретте, жас техниктер стансасында 3D-принтерлермен жабдықталған 3D-модельдеу зертханасы, бағдарламалау сыныптары, ұшқышсыз ұшу аппараттарының секциясы, нано және нейротехнологияларды қолдана отырып ARDUINO роботтарымен жұмыс істеуге болатын робот техникасы сыныптары ашылған. Бұдан басқа стансада авиамодельдік шеберлік студиясы, жас геологтар үйірмесі, авто және авиамоделистерге арналған STEAM-модельдеу сыныбы, жастардың авиамодельдік орталығы жұмыс істейді.

– Біз елімізде бар барлық техникалық бағыт бойынша қызмет көрсетеміз, – дейді Жас техниктер стансасының директоры Раиса Тамбовцева. – Мұғалімдеріміз балаларды өнертапқыштыққа баулып, оларға шабыт беруде. Қазір үйірмелерімізге 858 бала қатысады. Олардың арасында облыстық, республикалық және халықаралық конкурстардың тұрақты қатысушылары мен жеңімпаздары жетерлік. Әлбетте, мектепке дейінгі мекемелермен белсенді жұмыс істейміз. Екі мәрте робот техникасынан мектепке дейінгі балалар арасында қалалық конкурстар ұйымдастырдық. Бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз. Сондай-ақ, станса дуальді оқыту жүйесіне қатысады. Тәжірибеден кейін осы жерде ары қарай жұмыс істеуге бекінген жастарымыз көп.

Жоғарыда жас техниктер стансасында ұшқышсыз ұшу аппараттарының секциясы жұмыс істеп тұрғанын айтқан болатынбыз. Аймақ басшысы оқушыларды осындай техникамен жұмыс істеу дағдыларына үйрету аса маңызды екенін айтып, болашақта аталмыш аппараттарды басқаратын операторлар айрықша сұранысқа ие мамандарға айналатынын жеткізді.

Текст: yka
Теги:
Читайте также
Обсуждение
Всего комментариев: 0
avatar