17:55

ШҚО-да жиырмаға жуық мектеп салынады

Шығыс Қазақстан облысында Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 20-ға жуық жаңа білім ордасы бой көтереді. Оның ішінде 4200 орындық 10 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы негізінде салынбақ. Оның бесеуі Өскеменде, біреуі — Риддер мен Шемонаихада, үшеуі Глубокое ауданында салынады. Жоспар бойынша 8 мыңнан астам оқушыға жаңа орын ашылады. Риддер қаласында құрылысы басталған 1200 орындық екі мектепке келетін болсақ, мемлекеттік тілде оқытатын 600 орындық білім ошағының біреуін «Казцинк» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде салып бермек. Екіншісі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Жаңа мектептер әлемдік стандартқа сәйкес салынып, сапасы мен материалдық базасы да жоғары деңгейде болады Сондай-ақ заманауи, жайлы оқу орындары барлық қажетті құралдармен жабдықталады. Былтыр облыс әкімі Ермек Көшербаев Тарбағатай ауданы тұрғындарымен кездесуінде Тәуке мен Шолақорда ауылдарының тұрғындары тарапынан ауылға жаңа мектеп ғимаратын салып беру туралы өтініш айтылған болатын. Ауыл тұрғындарының өтініші орындалып, жаңа мектеп құрылысына қаражат бөлініп, жоба мақұлданды. Тарбағатай ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен және тиісті мамандармен кеңесе отырып жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталатын жер де белгіленген. Аталған мектеп құрылысы облыстық білім басқармасы мен Тарбағатай ауданы әкімдігі және мердігер компания арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін айтқан. «Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» , — деп атап өтті Мемлекет басшысы. Жаңалықты ана тіліңде оқы — oskemenkz.kz
Текст: yka
Теги:
Читайте также
Обсуждение
Всего комментариев: 0
avatar