Читайте также
20:56
Ерте қамданудың арқасында қауіптің беті қайтарылды
Оставить комментарий
Шығыс Қазақстан облысы су тасқыны кезеңін ойдағыдай еңсерді. Бұл бірінші кезекте барлық орган мен құрылымдардың бірлесе әрекет етуінің, қауіпті кезеңге күні бұрын даярлануының арқасында мүмкін болды. Алдын ала зерттеулер нәтижесінде облыста 71 су тасқыны қаупі жоғары учаске бар екені анықталған. Осыған байланысты, ақпан айынан бастап барлық күш құрылымы мен өзге де мемлекеттік органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген болатын. Ал жағдай қиындаған жағдайда 2 334 адамнан тұратын жергілікті атқарушы билік органдары мен азаматтық қорғаныс қызметтері құрылымдарының күші мен құралдары көмекке келуге дайын болды. Едәуір көлемдегі техника да сайланды. Атап айтсақ, көктемгі су тасқынымен күреске 735 бірлік техника, сондай-ақ 50 бірлік жүзу құралы мен 223 мотопомпа қоры әзірленді. Су тасқыны салдарын жою және халықты эвакуациялау үшін облыстық Төтеше жағдайлар департаменті 26 бірлік жол талғамайтын техникасын жұмылдыруға дайын тұрды. Облыс бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері жалпы сыйымдылығы 17 мыңнан асатын халықты уақытша орналастырудың 153 пунктін белгіледі. Өңірде осы мақсатта оқтын-оқтын арнайы оқу-жаттығулар өтіп, халықтың апатқа дайындығы пысықталды. Айта кетейік, өңірде барлық ықтимал тәуекелдердің картасы әзірленді, оның ішінде су тасқыны болуы мүмкін аймақтар көрсетілген. Қалалар мен аудандардың әкімдері аталмыш картаның деректерін үнемі жаңартып отырды. Осының арқасында тасқынға тосқын боларлық жұмыстар біршама жеңілдеді. Санитарлық және эпидемиологиялық қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Су қоймалары, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздері, зираттар, мал қорымдары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының аумағы санитарлық тұрғыдан уақтылы тазартылып отырды. Халықты эвакуациялау жолдары алдын ала белгіленіп, зардап шеккендерге залалды өтеу тетігі әзірленді. Жаңалықты ана тіліңде оқы — oskemenkz.kz