16:01

Жарас Дәулетханов: «Мемлекеттік қызметте мен тұлға болып қалыптастым»

Жарас Дәулетханов ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша Департаментінің ең жас және перспективалы қызметкерлерінің бірі.

25 жасында ол заңға бағынатын азамат, үлгілі мемлекеттік қызметкер және отағасы ретінде қалыптасты.

Жарас Катонқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген, алайда орта білімді Риддер қаласында «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясынан алған. Оның ең сүйікті пәндерінің бірі химия болды. Ол мамандық таңдауда және болашақ тағдырда шешуші рөл атқарды.

Жоғары білім алу үшін ол Алматыға барды. 2019 жылы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін фармацевт-технолог мамандығы бойынша сәтті бітірді. Сондай-ақ, Жарас студент кезінде Универсиада мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ерікті болып жұмыс істеді.

Диплом алғаннан кейін жас маман Өскеменге көшіп келіп, бірден облыстың медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жұмысқа орналасты. Мансабын басшының хатшысы ретінде бастаған. Бірақ үш айдан кейін Жарас Дәулетханов фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған бағаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалды.

— Менің Департаменттегі қызметім дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, яғни дәрілік препараттарды, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау және қадағалау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау болып табылады, — дейді Жарас Дәулетханов. — Маған артылатын жауапкершілік орасан зор, бірақ қызметтің пайдасы да бар: азаматтарды сапалы емдеу қаншалықты сауатты жұмыс істейтінімізге байланысты.

Үш жарым жыл ішінде бас маман өз ведомствосының және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің грамоталарымен марапатталды.

— Мемлекеттік қызмет менің екінші мектебім, тіпті университетім болды, мен мұнда жеке тұлға болып қалыптастым! Азаматтардың игілігі үшін жұмыс істеу-менің басты мақсатым! — дейді Жарас. — Ал мемлекеттік қызмет барлық бос уақытты алады деген пікірмен келіспеймін: егер оны ұтымды пайдаланатын болсақ, жеке өмір мен қызығушылықтарға да уақыт жеткілікті.

Жарастың сөздері іс жүзіне қайшы келмейді: ол үйленген, екі қыз тәрбиелеп отыр, үстел теннисін ойнайды, балық аулау, тауға шығу, шаңғы тебу және т.б. көптеген қызығушылықтары бар.

Жарас Дәулетханов мемлекеттік қызметке орналасуға ниеті бар немесе жаңадан жұмыс істеп бастаған қызметкерлерге төзімділік, ізгі ниет, ең бастысы, өз қызмет саласында сауатты және лайықты маман болуды тіледі.

Алия Сейсенбаева

Текст: yka
Теги:
Читайте также
Обсуждение
Всего комментариев: 0
avatar